Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» «ФАРМБЮДЖЕТ — ҚАЗАҚСТАН 2027» КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» «ФАРМБЮДЖЕТ — ҚАЗАҚСТАН 2027» КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков «ФАРМБЮДЖЕТ — ҚАЗАҚСТАН 2027: Фармацевтикалық нарықтың болашағы бүгін қабылданатын шешімдерден басталады» атты конференцияға қатысып, Бірыңғай дистрибьютордың дамуының негізгі бағыттары, 2026 жылғы сатып алу науқанының нәтижелері және 2027 жылға арналған сатып алудың алдын ала қорытындылары туралы айтып берді.

Конференцияға фармацевтика саласының, мемлекеттік органдардың, бейінді қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар фармацевтикалық нарықты дамыту және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Негізгі тақырыптардың бірі 2027 жылға арналған сатып алу науқаны болды. Ол 2026 жылғы сатып алу науқанына қарағанда үш ай ерте, яғни 2026 жылғы 1 шілдеде басталды. Сатып алуды ертерек бастау рәсімдерді өткізуге, шарттар жасасуға және жаңа жыл басталғанға дейін дәрілік заттарды жеткізуге дайындалуға көбірек уақыт береді.

Биылғы сатып алу науқаны аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 2 мыңнан астам атауы қарастырылған. Алдын ала қорытынды бойынша, бірінші кезеңде мәлімделген номенклатураның 82%-ы бойынша сатып алу көлемі қалыптастырылды. Салыстырмалы түрде, 2026 жылғы сатып алу науқанының осы кезеңінде бұл көрсеткіш 55% болған.

Пациенттермен өзара байланысқа да ерекше назар аударылды. 2026 жылғы мамыр айынан бастап Telegram және WhatsApp-тағы чат-боттар арқылы 3 мыңнан астам өтініш өңделді. Кері байланыс келіп түсетін сұрақтарды талдауға және пациенттермен коммуникацияны жетілдіруге пайдаланылады.

Сонымен қатар, Бірыңғай дистрибьютордың Байланыс орталығына келіп түсетін өтініштер саны азайған. Бұл оң динамиканы көрсетеді. 2026 жылдың сегіз айында дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтардан 35 638 өтініш келіп түсті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға аз.

Панельдік пікірталас барысында жүйелі қызыл жегі және басқа да аутоиммунды аурулары бар пациенттерге көмек көрсететін «Lupus Kazakhstan» қорының жетекшісі Жанна Базарова пациенттерді «Гуселькумаб» препаратымен, оның ішінде қосымша қажеттілік шеңберінде қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Нұрлыбек Асылбеков препаратпен қамтамасыз ету мәселесі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, медициналық ұйымдар ұсынған қажеттілік пен медициналық көрсетілімдерді ескере отырып пысықталып жатқанын атап өтті.

Конференциядағы талқылаудан кейін Нұрлыбек Асылбеков «Lupus Kazakhstan» жетекшісі Жанна Базаровамен телефон арқылы сөйлесіп, пациенттерді «Гуселькумаб» препаратымен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Әңгіме барысында «СҚ-Фармация» басшысы жағдайдың мән-жайын жеке өзі нақтылап, мәселені одан әрі пысықтау бойынша жедел шаралар қабылдады.

Әңгіме қорытындысы бойынша Нұрлыбек Асылбеков жауапты қызметкерлерге препаратқа деген қазіргі қажеттілікті және тиісті емді қажет ететін пациенттердің тізімін қосымша нақтылауды тапсырды. Сонымен қатар, дәрілік заттармен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылау және олар бойынша уақтылы шешім қабылдау үшін пациенттік ұйымдардың өкілдерімен жұмыс кездесуін ұйымдастыруды тапсырды.

«Медициналық ұйымдар мен пациенттік қауымдастық өкілдерінен келіп түсетін мәселелер қосымша пысықталады. Егер оларды шешу үшін басқа мемлекеттік органдардың құзыреті қажет болса, тиісті мәселелер қажетті шешімдер қабылдау үшін жедел түрде қарауға енгізіледі», — деп атап өтті Нұрлыбек Асылбеков әңгіме барысында.

2026 жылға «СҚ-Фармация» «Гуселькумаб» препаратының 1 мыңнан астам автоинжекторын сатып алды. Бұл медициналық ұйымдар мәлімдеген негізгі қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Бірыңғай дистрибьютор төмендетілмейтін қор қалыптастыру аясында 600-ден астам автоинжектор сатып алды. Осы қордың болуы жаңадан анықталған пациенттерді препаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.