МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ САТЫП АЛУДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ: «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ЕЛДЕРІМЕН ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ БІРЛЕСІП САТЫП АЛУ МҮМКІНДІКТЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
«СҚ-Фармация» бастамасымен және Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Хатшылығының қолдауымен дәрілік заттарды бірлесіп сатып алу перспективаларына арналған сараптамалық отырыс өтті.
Талқылауға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар Қазақстанның орталықтандырылған сатып алу тәжірибесін және мемлекеттердің қажеттіліктерін біріктірудің ықтимал тәсілдерін талқылады.
Бүгінде «СҚ-Фармация» еліміздің барлық 20 өңіріндегі медициналық ұйымдардың қажеттілігін бірыңғай мемлекеттік тапсырысқа шоғырландырады. 2009–2026 жылдар аралығында орталықтандырылған сатып алу арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шамамен 8,4 млрд АҚШ долларына сатып алынды.
«Қазақстанның тәжірибесі қажеттілікті шоғырландыру сатып алудың елеулі көлемін қалыптастыруға және өндірушілермен баға, жеткізу мерзімдері мен шарттары бойынша нақты келіссөздер жүргізуге мүмкіндік беретінін көрсетеді. Бірқатар позициялар бойынша бірнеше мемлекеттің қажеттілігін біріктіру кезінде осы тәсілді қолданудың әлеуеті бар деп санаймыз», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры - басқарма мүшесі Самат Рамазанов.
Ұсынылып отырған тетік екі немесе одан да көп мемлекеттің қажеттіліктерін салыстырып, тараптар келіскен модель бойынша сатып алуды ұйымдастыруды көздейді. Бұл ретте әр мемлекет өнімді тіркеу, импорттау, сапасын бақылау, ақы төлеу және бөлу бойынша ұлттық өкілеттіктерін сақтайды.
Бұл бағыттағы практикалық жұмыс қазірдің өзінде жүргізілуде. Қырғызстанмен өзара іс-қимыл аясында Қазақстан мен Қырғызстанның қажеттіліктері сәйкес келетін 240-тан астам позиция анықталды. Оның 60-тан астамы тараптар тарапынан бірлесіп сатып алуға әлеуетті позициялар ретінде қарастырылуда. Сондай-ақ Өзбекстан тарапымен жұмыс кездесулері өткізілді.
Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері «СҚ-Фармация» бастамасын қолдап, оны практикалық тұрғыдан одан әрі пысықтауға дайын екендерін білдірді. Тараптар пилоттық позицияларды айқындауға, қажеттіліктер мен ұлттық талаптар туралы ақпарат алмасуға, сондай-ақ бірлескен жұмыс тобы аясындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
ТМҰ Хатшылығы мүдделі мемлекеттер арасындағы одан әрі үйлестіруге жәрдемдесуге дайын екенін растады.