2026 жылдың сегіз айында «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Байланыс орталығына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтардан 35 638 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға аз. Өтініштер санының төмендеуі әлеуметтік маңызы бар бірқатар аурулар, жекелеген дәрілік препараттар және еліміздің өңірлері бойынша да байқалады.
«СҚ-Фармацияның» 1439 қысқа нөмірі арқылы жыл басынан бері 35 638 өтініш қабылданды. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 46 584 өтініш тіркелген болатын. Осылайша, өтініштер саны шамамен 11 мыңға азайған.
Ең елеулі өзгерістер әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге қатысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында байқалады. Қант диабетімен ауыратын пациенттерді препараттармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер саны 20%-ға, эпилепсия бойынша 50,6%-ға, созылмалы обструктивті өкпе ауруы бойынша 21,3%-ға төмендеді.
Жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша да өтініштер саны азайған. Артериялық гипертензия бойынша көрсеткіш 20,3%-ға, жүректің ишемиялық ауруы бойынша 60,4%-ға, аритмия бойынша 75,9%-ға, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша 36%-ға төмендеді.
«Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша азаматтардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты өтініштер санының айтарлықтай төмендегенін көріп отырмыз. Біз үшін бұл үрдістің бірден бірнеше бағытта — өңірлер, ауру түрлері және жекелеген дәрілік препараттар бойынша байқалуы маңызды.
Өңірлер бөлінісінде қарасақ, өтініштер саны Алматы қаласында 35%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 49,6%-ға, Жамбыл облысында 39,9%-ға, Маңғыстау облысында 44,6%-ға, Абай облысында 46,9%-ға, Түркістан облысында 60,1%-ға төмендеген.
Өтініштер саны Эмпаглифлозин, Ламотриджин, Тромбопол, Аторвастатин, Вальпрой қышқылы, Вигабатрин және басқа да жекелеген дәрілік препараттар бойынша да азайып отыр.
Алайда біз үшін өтініштер санының азаюы — түпкі мақсат емес. Әрбір өтініштің артында қажетті препаратты уақытылы алуы маңызды нақты пациент тұр. Сондықтан азаматтардың кері байланысын, ең алдымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің нақты жағдайын көруге, туындаған мәселелердің себептерін анықтауға, ықтимал жүйелік проблемаларды айқындауға және қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырамыз. Яғни, 1439 — пациенттің мәселесі жүйе үшін сигналға айналатын арна», — деді «СҚ-Фармация» ЖШС Байланыс орталығының басшысы Жамал Бугембаева.
Бүгінде «СҚ-Фармацияның» Байланыс орталығы — ақпарат алуға болатын телефон желісі ғана емес. Азаматтардан келіп түсетін мәліметтер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын мониторингтеу үшін пайдаланылады.
Әрбір өтініш CRM жүйесінде тіркеледі. Онда өтінішті қарау тарихы, оның ішінде сөйлесу жазбасы мен қабылданған шаралар туралы ақпарат сақталады. Бұл өтінішті қабылданған сәттен бастап оны қарау аяқталғанға дейінгі барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік береді.
Кейін бұл ақпарат Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйенің (ЕФИС) деректерімен және медициналық ұйымдардың өтінімдерімен кешенді түрде талданады. Мұндай тәсіл пациенттерден келіп түсетін ақпаратты жүйедегі нақты деректермен салыстыруға және қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Сондықтан бір ғана қоңыраудың маңызы нақты бір жағдайдың аясынан әлдеқайда кең болуы мүмкін. Өтініштердің жиынтығы жалпы ахуалды бағалауға — қай өңірде қиындықтар туындайтынын, азаматтардың қандай дәрілік препараттарға қатысты мәселелер көтеретінін және қай бағыттарда қосымша шаралар қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер санының төмендеуі қажеттілікті жоспарлау мен дәрілік заттар және медициналық бұйымдарды сатып алудан бастап, оларды жеткізуді ұйымдастыру, логистика және өнім берушілермен өзара іс-қимылға дейінгі бүкіл тізбектегі жұмыстың тиімділігін көрсететін көрсеткіштердің бірі ретінде қарастырылады.
Бұл ретте әрбір пациенттің Байланыс орталығына жүгіну мүмкіндігі сақталады. 1439 нөміріне қоңырау шалу мобильді және стационарлық телефондардан тегін.
Операторлар жұмыс күндері 09:00-ден 18:30-ға дейін, демалыс және мереке күндері 09:00-ден 13:00-ге дейін өтініштерді қабылдайды. Қалған уақытта қоңыраулар автоматты режимде қабылданады: өтініш тіркеліп, ақпарат келесі жұмыс күнінің басында беріледі.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпаратты емханалар жанындағы дәріханаларда орналасқан арнайы чат-боттар арқылы, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС-нің ресми sk-pharmacy.kz сайтынан алуға болады.
Өтініштер санының төмендеуі — ең алдымен, жүйенің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіш. Ал пациенттің өз мәселесін жеткізіп, оның тыңдалуына мүмкіндік беру жүйенің маңызды бөлігі болып қала береді. Дәл осы кері байланыс проблеманы дер кезінде анықтап, ол жаппай сипат алмас бұрын қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Бірыңғай дистрибьютордың қызметін цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта дәрілік заттардың өндірушіден медициналық ұйымға дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін мониторинг жүйесі құрылып жатыр. Бұл кідірістерді жедел анықтап, ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар деректердің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. ЕФИС және WMS (қойманы басқару жүйесі) деректерін салыстырып тексеру жүргізіліп, сәйкессіздіктердің себептері анықталды. Оларды жою және деректер алмасу сапасын жетілдіру бойынша тиісті шаралар айқындалды.
Бұдан бөлек, 2027 жылға арналған сатып алу науқаны үш ай бұрын басталды. Бұл қажеттілікті жоспарлаудың тиімділігін арттырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған шаралар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің сапасын арттыруға және пациенттердің өтініштер санын төмендетуге бағытталған.