ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУГЕ НИЕТТІ
«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Бішкекке жұмыс сапары аясында Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурбек Букуевпен кездесті. Тараптар дәрілік заттарды мемлекетаралық сатып алуды одан әрі дамыту қадамдарын және екі елдің қажеттіліктерін біріктіру мүмкіндіктерін талқылады.
Алдын ала талдау аясында «СҚ-Фармация» ЖШС «ҚырғызФармациямен» бірлесіп, екі елдің дәрілік заттарға деген қажеттіліктеріне талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстанның қажеттіліктері сәйкес келетін 240-тан астам позиция анықталды. Олардың қатарында халықаралық және қазақстандық өндірушілердің дәрілік заттары бар.
60-тан астам атау тараптардың бірлесіп сатып алуға деген қызығушылығын туғызды. Бұл позициялар қажеттілік көлемі, жеткізу шарттары мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, қосымша пысықталатын болады.
Кездесу барысында тараптар бастаманы іске асырудың практикалық тетіктерін де талқылады. Атап айтқанда, нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізу, пилоттық дәрілік заттардың тізбесін айқындау, өндірушілермен тікелей келіссөздер жүргізу, өзара жеткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
«Екі елдің қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін біріктіру дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға, жеткізілімдердің тұрақтылығы мен фармацевтикалық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ бағаны төмендетуге және бюджет қаражатын тиімдірек пайдалануға жағдай жасайды. Біз бастаманы талқылаудан практикалық жұмысқа көшуге және пилоттық жобаны іске қосудың нақты бағыттарын бірлесіп айқындауға дайынбыз», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.
Оның айтуынша, мемлекетаралық сатып алу қазақстандық өндірушілерді қолдаудың қосымша құралына айналуы мүмкін. Тек 2026 жылдың өзінде Бірыңғай дистрибьютор ұзақ мерзімді шарттар аясында 28 отандық өндірушіден дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шамамен 1 000 атауын сатып алды. Олардың өнімдері дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар мен медициналық шығыс материалдарының кең түрін қамтиды.
Сонымен қатар «СҚ-Фармациямен» жұмыс істейтін ірі қазақстандық фармацевтикалық өндірушілердің Қырғыз Республикасында дәрілік заттарға берілген 120-дан астам тіркеу куәлігі бар. Бұл мемлекетаралық сатып алуларға қатысу арқылы Қырғызстанға жеткізілімдерді кеңейтуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал перспективада мұндай мүмкіндіктерді Орталық Азияның басқа да елдерімен бірлескен сатып алулар аясында пайдалануға болады.
Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурбек Букуев министрліктің дәрілік заттарды мемлекетаралық сатып алуды дамыту бастамасын қолдауға және оны одан әрі іске асыруға қажетті жәрдем көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Ол Қазақстан мен Қырғызстанның қажеттіліктерін біріктіру сатып алуды тиімдірек ұйымдастыруға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекетаралық сатып алуды дамыту елдерге қажеттіліктерді тиімді біріктіруге, халықтың қажетті дәрілік заттарға қолжетімділігін кеңейтуге және фармацевтикалық өндірушілермен ынтымақтастықты дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.