«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖӘНЕ ROCHE ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
«СҚ-Фармация» және Roche компаниясы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, сондай-ақ мемлекетаралық сатып алу тетігін енгізу арқылы пациенттердің инновациялық дәрілік заттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Орталық Азия елдері үшін дәрілік заттарды мемлекетаралық сатып алу мүмкіндіктерін зерделеу. Тараптар өңір елдерінің дәрі-дәрмекке деген қажеттіліктерін біріктіру және әр мемлекеттің қажеттілігі мен сатып алу көлемін ескере отырып, Roche препараттарын бірлесіп сатып алудың тиімді тетіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.
«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков:
«Қазақстан орталықтандырылған сатып алу және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибе өндірушілермен тиімді жұмыс істеуге және ірі көлемдегі жеткізілімдерді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде оң динамика қалыптасты: жыл сайын сатып алу көлемі артып, сатып алынатын препараттардың тізімі кеңейіп, мемлекет есебінен дәрі-дәрмек алатын пациенттер саны көбейіп келеді.
Біз осы тәжірибені мемлекетаралық деңгейде де қолдануға дайынбыз. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер үшін дәрілік заттарды бірлесіп сатып алудың бірыңғай тетігін қалыптастыру маңызды.
Бірнеше елдің қажеттілігін біріктіру дәрі-дәрмек жеткізілімдерін алдын ала жоспарлауға, әлеуметтік маңызы бар және инновациялық препараттардың тапшылығы тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сатып алудың жалпы көлемін ескере отырып, неғұрлым тиімді баға қалыптастыруға жағдай жасайды».
«СҚ-Фармация» басшысы компанияның қойма және логистикалық инфрақұрылымын дамыту жобасы аясында Алматы қаласында халықаралық логистикалық хаб құру жоспарланып отырғанын атап өтті. Хаб мемлекетаралық сатып алу аясында Орталық Азия елдеріне және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттерге дәрілік заттарды жеткізуді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Тараптар бұл ынтымақтастық Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі пациенттер үшін маңызды нәтижелерге жол ашады деп атап өтті. Ынтымақтастық аясында онкологиялық және орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Roche компаниясының Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Тимур Аманбеков:
«Бұл меморандум Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі пациенттердің өміріне оң әсер етеді деп шын жүректен үміттенеміз. Біздің мақсатымыз – пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен ғана шектелмей, денсаулық сақтау жүйесі үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыру.
Біз мемлекетаралық сатып алуға қатысу үшін басқа елдермен, соның ішінде Тәжікстан және Ауғанстанмен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін де қарастыруға дайынбыз».
«СҚ-Фармация» мен Roche арасындағы ынтымақтастық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақты моделін қалыптастыруға бағытталған. Тараптар тәжірибе алмасу, халықаралық тәсілдерді енгізу және өңірлік ынтымақтастықты дамыту Орталық Азия елдерінің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуға және пациенттердің қажетті дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтеді.