Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖӘНЕ ASTRAZENECA ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ САТЫП АЛУ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ЕЛДЕРІМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІН АШАТЫН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жаңалықтар
01.09.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖӘНЕ ASTRAZENECA ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ САТЫП АЛУ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ЕЛДЕРІМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІН АШАТЫН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Астана қаласында «СҚ-Фармация» ЖШС мен Қазақстан Республикасындағы «АстраЗенека Ю-Кей Лимитед» жабық акционерлік компаниясының өкілдігі арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл Бірыңғай дистрибьютор үшін дәрілік заттар мен вакциналарды мемлекетаралық сатып алу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері мен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің қатысу мүмкіндігін қарастыруға қосымша мүмкіндік береді.

Меморандум аясында тараптар ақпарат алмасу, консультациялар өткізу және дәрілік заттар мен вакциналарды бірлесіп сатып алу саласындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын алдын ала зерделеуді жоспарлап отыр.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков халықаралық фармацевтикалық компаниялармен өзара іс-қимыл халықты заманауи дәрілік препараттармен қамтамасыз ету тетіктерін одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

«Мемлекетаралық сатып алуларды мүдделі мемлекеттердің қажеттіліктерін біріктіруге және заманауи дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік беретін перспективалы құрал ретінде қарастырамыз. Халықаралық өндірушілер тарапынан осы бағытқа қызығушылықтың болуы оның перспективалылығын көрсетіп, одан әрі диалог жүргізуге негіз қалыптастырады», — деді Нұрлыбек Асылбеков.

AstraZeneca тарапынан компанияның Орталық Азия мемлекеттерімен, оның ішінде ТМҰ-ға мүше елдермен мемлекетаралық сатып алулар бастамасына қатысу мүмкіндіктерін одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірілді.

Компания өкілдері «СҚ-Фармациямен» жұмыс байланыстарын жалғастыруға және ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын бірлесіп қарастыруға дайын екендерін атап өтті.

Меморандумға қол қою фармацевтикалық саладағы халықаралық өзара іс-қимылды дамыту және бірлескен сатып алу тетіктерін одан әрі зерделеуге жағдай жасау бағытындағы кезекті қадам болып табылады. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша консультациялар мен ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Бірыңғай дистрибьютор жетекші фармацевтикалық өндірушілермен, оның ішінде халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты одан әрі дамытып келеді. 

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще