Байланыс орталығы 1439
Жаңалықтар

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖӘНЕ «ҚЫРҒЫЗФАРМАЦИЯ» ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ БІРЛЕСІП САТЫП АЛУ КЕЛЕШЕГІН ТАЛҚЫЛАДЫ

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖӘНЕ «ҚЫРҒЫЗФАРМАЦИЯ» ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІ БІРЛЕСІП САТЫП АЛУ КЕЛЕШЕГІН ТАЛҚЫЛАДЫ

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков бастаған делегация жұмыс сапарымен Бішкек қаласына барды. Сапардың негізгі мақсаты – Қырғыз Республикасымен әріптестік қатынастарды нығайту, тәжірибе алмасу және дәрі-дәрмекпен орталықтандырылған қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастықтың перспективаларын талқылау.

Жұмыс сапары Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы 2023 жылы құрылған «ҚырғызФармация» мемлекеттік кәсіпорнына барудан басталды.

«ҚырғызФармация» бүкіл ел бойынша мемлекеттік медициналық ұйымдар үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды орталықтандырылған тәртіппен сатып алуды және үздіксіз жеткізуді жүзеге асырады.

«ҚырғызФармация» директоры Акылбек Туратбек уулымен өткен кездесуде «СҚ-Фармация» Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Бірыңғай дистрибьютордың қызметін таныстырып, оның дамуының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Ол «СҚ-Фармацияның» жұмыс жылдары ішінде орталықтандырылған сатып алушыдан бүгінгі таңда бірнеше бағытты біріктіретін ұлттық операторға дейінгі даму жолынан өткенін атап өтті. Атап айтқанда, компания дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды, логистиканы, мобилизациялық резервті қалыптастыруды, медициналық техниканы сатып алуды, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

«Бүгінде «СҚ-Фармация» бүкіл Қазақстан бойынша 1 800-ден астам медициналық ұйымды сапалы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді. Біз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 2 мыңнан астам атауын сатып аламыз. Соңғы жылдары оң динамиканы байқап отырмыз: сатып алу көлемі артып, дәрілік заттар тізбесі кеңейіп, мемлекет есебінен дәрі-дәрмек алатын пациенттер саны өсуде», – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Өңірлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде Бірыңғай дистрибьютордың логистикалық инфрақұрылымы маңызды рөл атқарады. Бүгінде оның құрамына Қазақстанның түрлі қалаларында орналасқан төрт ірі логистикалық хаб пен 11 операциялық қойма кіреді. Бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ел аумағының барлық өңіріне жедел жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«СҚ-Фармацияны» одан әрі дамытудың негізгі бағыттарының бірі – заманауи әрі тиімді логистикалық инфрақұрылым құру, бизнес-процестерді одан әрі цифрландыру және автоматтандыру, сондай-ақ дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді дамыту.

Кездесу барысында мемлекетаралық шоғырландырылған сатып алуды ұйымдастыру перспективаларына ерекше назар аударылды. «СҚ-Фармация» мен «ҚырғызФармация» 2027 жылға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алу мүмкіндігін практикалық тұрғыда пысықтауға кірісті.

Алдын ала талдау аясында екі елдің дәрілік заттарға деген қажеттілігіне салыстырмалы талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстанның қажеттіліктері сәйкес келетін 240-тан астам позиция анықталды.

60-тан астам атау тараптар тарапынан бірлесіп сатып алуға әлеуетті позициялар ретінде қарастырылуда. Дәл осы позициялар мемлекетаралық сатып алудың пилоттық жобасына негіз бола алады. Келесі кезеңде тараптар 2027 жылға арналған қажеттілік көлемін, бірлескен сатып алудың шарттары мен тетігін нақтылайды.

Екі елдің қажеттіліктерін шоғырландыру сатып алу көлемдерін біріктіріп, неғұрлым тиімді баға алуға қосымша жағдай жасауға, сондай-ақ пациенттер үшін заманауи әрі тиімді дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Перспективада бұл тетікке Орталық Азияның басқа да елдері мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер қосылуы мүмкін. Бұған дейін Бірыңғай дистрибьютор осындай келіссөздер мен жұмыс сессияларын Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Сатып алу орталығы» мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен өткізген болатын.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мемлекетаралық сатып алу тетігін қалыптастыру және позициялар тізбесін айқындау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.