Байланыс орталығы 1439
  • «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА: ТҮРКИЯНЫҢ ATABAY КОМПАНИЯСЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Жаңалықтар
17.08.2026

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА: ТҮРКИЯНЫҢ ATABAY КОМПАНИЯСЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков бастаған Бірыңғай дистрибьютор делегациясы Еуразия пациенттік ұйымдар одағының төрағасы Саида Таукелеваның қатысуымен Ыстамбұл қаласында түркиялық «ATABAY Kimya San. ve Tic. A.Ş.» фармацевтикалық компаниясының өндірістік алаңына барды.

Сапар халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында ұйымдастырылып, тәжірибе алмасуға, компанияның өндірістік мүмкіндіктерімен танысуға және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналды.

Бірыңғай дистрибьютор үшін «ATABAY» компаниясының қойма кешендерін салу және логистикалық инфрақұрылымды дамыту тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. Бұл бағыт Бірыңғай дистрибьютордың Қазақстан өңірлерінде заманауи меншікті қойма инфрақұрылымын құру жобасын іске асыруға байланысты аса өзекті.

«Atabay» компаниясы Бірыңғай дистрибьютор делегациясын Ыстамбұлдағы (Acıbadem) және Коджаэлидегі (Gebze) өндірістік алаңдарымен, сондай-ақ шикізат пен белсенді фармацевтикалық субстанцияларды жеткізу және өндіру процестерімен таныстырды.

Сонымен қатар қазақстандық делегацияға компанияның қоймалық және логистикалық инфрақұрылымы таныстырылды.

Сапар барысында тараптар отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде Қазақстанда заманауи, сапалы және инновациялық фармацевтикалық өнім өндірісін оқшаулау мүмкіндіктерін талқылады.

Бүгінде Atabay халықаралық қатысуын дистрибьюторлық желі арқылы да, шетелдік нарықтарда тікелей қатысу арқылы да кеңейтіп келеді. Компания бес құрлықта 41 дистрибьютордан тұратын желі арқылы қызмет атқарады, сондай-ақ Қазақстан мен Болгарияда өзінің өкілдіктері бар.

Atabay компаниясының Қазақстандағы өкілдігі өз қызметін 2021 жылы бастады. Осы кезеңде дәрілік заттарға 29 тіркеу куәлігі алынды. Қазіргі уақытта компания Қазақстанның бөлшек сауда нарығына парацетамол, амоксициллин, азитромицин, левофлоксацин, ацикловир және басқа да дәрілік заттарды жеткізеді.

Кездесу барысында дәрілік заттардың қолжетімділігі мен пациенттерді дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл факторлар пациенттердің қажетті емді уақтылы алуына тікелей әсер етеді.

Еуразия пациенттік ұйымдар одағының төрағасы Саида Таукелева пациенттер қауымы үшін дәрілік заттармен қамтамасыз етудің бүкіл тізбегін, яғни дәрілік затты өндіру мен сапасын бақылаудан бастап, оны сатып алу, логистика және пациентке уақтылы жеткізуге дейінгі процестерді түсіну маңызды екенін атап өтті.

«Пациент үшін дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етілуі ең алдымен қажетті емді үзбей алу мүмкіндігін білдіреді. Дәрінің қолжетімділігін қамтамасыз ететін барлық процестер түптеп келгенде сапалы әрі тиімді емнің пациентке дәл қажет уақытында қолжетімді болуына бағытталуы тиіс», – деді Саида Таукелева.

Оның айтуынша, Одақтың мұндай сапарларға қатысуы өндірушілермен тікелей танысуға, олардың өндірістік мүмкіндіктерін, дәрілік заттар портфелін және сапаны бақылау жүйесін зерделеуге, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл әсіресе тұрақты емге тәуелді пациенттер үшін маңызды, өйткені дәрілік затпен қамтамасыз етудегі қысқа мерзімді үзілістің өзі елеулі салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесіне қатысушылардың жауапкершілік бағыттары әртүрлі болғанымен, оның орталығында пациент, ал түпкі мақсаты емді уақтылы әрі үздіксіз қамтамасыз ету болуы тиіс.

Сапар қорытындысы бойынша және ынтымақтастық перспективаларын талқылау нәтижесінде «СҚ-Фармация» ЖШС мен «ATABAY Kimya San. ve Tic. A.Ş.» арасында өзара түсіністік және әлеуетті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін оқшаулау, технологиялар мен өндірістік процестерді беру, сондай-ақ дәрілік заттармен қамтамасыз ету саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту секілді бірқатар әлеуетті өзара іс-қимыл бағыттарын айқындайды.

Сонымен қатар тараптар бірлескен ғылыми-практикалық іс-шаралар, конференциялар, семинарлар мен мамандарды даярлау бағдарламаларын өткізу мүмкіндігін қарастырып, дәрілік заттарды өндіру, мемлекеттік тіркеу, фармакологиялық қадағалау, сапаны бақылау және дәрілік заттардың айналымы салаларында кәсіби тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

Ынтымақтастықтың жеке бағыты ретінде пациенттерді дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған логистикалық процестер мен жеткізу тізбегін басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның фармацевтика саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуы мүмкін.

 

Дереккөз: "СҚ-Фармация" ЖШС баспасөз қызметі
Посмотреть еще